Болашаққа қадам: Кәсіби бағдар беру мен жаңа мүмкіндіктер
 
06 ақпан күні С.Лапин атындағы №261 орта мектепте кәсіби бағдар беру жұмыстары жалғасын тапты. Түсіндіру жұмыстарын Смағұл Ысқақов атындағы Қызылорда бизнес және құрылыс колледжінің оқытушылары Жұптыбаева Айгүл, Майгельдиева Гүлназым, Асанбаева Роза жүргізіп, мектеп оқушыларына заманауи мамандықтар, еңбек нарығындағы сұранысқа ие техникалық-кәсіби білімнің маңызы туралы толық ақпарат берді.
 
Кездесу барысында колледжде оқытылатын мамандықтар, студенттердің оқу барысында тәжірибеден өту мүмкіндіктері мен дуалды оқыту жүйесі, оқу процесінің ерекшеліктері жайында жан-жақты ақпарат ұсынылды. Сонымен қатар, оқушыларға колледжге түсу шарттары туралы мәлімет беріліп, болашақ мамандықтары жайлы қызықтырған сұрақтарын қойып, пайдалы кеңестер алды.
 
"Жұмысшы мамандықтар жылы-2025" аясында елімізде жұмысшы мамандықтарының маңыздылығын арттыруға ерекше көңіл бөлінуде. Бұл бастама жастардың техникалық және кәсіптік білім алуына деген қызығушылығын күшейтіп, жұмысшы мамандықтарының қоғамдағы рөлін кеңейтуге бағытталған. 2025 жылы елімізде жұмысшы мамандықтарын дамытуға арналған түрлі бағдарламалар мен жобалар іске асырылмақ, олар жастарға заманауи өндіріс саласында қажетті дағдыларды меңгеруге мүмкіндік береді.
 
Мұндай кәсіби бағдар беру жұмыстары оқушылардың мамандық таңдауда дұрыс шешім қабылдауларына көмектесіп, техникалық және кәсіптік білімге деген қызығушылықтарын арттырады. Жастар үшін жаңа мүмкіндіктер ашып, болашақта елімізде білікті мамандарды даярлауға ықпал етеді.